Жаңалықтар мен курстар

1,9 миллионға жуық кәсіпкер арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істей алады

Астанада өткен дөңгелек үстелде салық-бюджет реформасының жаңа тәсілдері талқыланды, деп хабарлайды Kapital.kz порталы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

800x450 1 1 1,9 миллионға жуық кәсіпкер арнайы салық режимдері бойынша жұмыс істей алады

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңартылған Салық кодексі күшіне енеді. Құжат салықтық әкімшілендіруді айтарлықтай жеңілдетуді көздейді: есептілік көлемі 30%-ға, салық түрлері 20%-ға қысқарады. Кейбір төлемдер бойынша мөлшерлемелер азайып, бірыңғай жер салығы жойылады.

Арнайы салық режимдері үш бағыт бойынша ғана қалады:
өзін-өзі жұмыспен қамтығандар,
жеңілдетілген декларация негізіндегі режим,
фермерлік шаруашылықтар.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар салықты есептеп, төлеуді мобильді қосымша арқылы жүзеге асыра алады.

Азамат Әмрин тыйым салынған қызмет түрлерінің тізіміне де тоқталды. Оның айтуынша, мұндай қызмет түрлері саны 44 болып қала береді — оған тау-кен және қаржы секторлары, акциздік және алкоголь өнімдерін, қару-жарақ өндірісі мен сатуы сияқты салалар кіреді. Құжат жуық арада Үкімет қаулысымен бекітіліп, министрліктің ресми сайтында жарияланады.

«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап микробизнес үшін тексерістер азайып, салық жүктемесі төмендейді. Біз кәсіпкерлерге сенім көрсетіп отырмыз. Басты мақсатымыз — бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасау», — деді Әмрин.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, шамамен 1,9 миллион салық төлеуші арнайы салық режимдері аясында жұмысын жалғастыра алады.

«Бұрын кәсіпкерлер жалпы салық режиміне өтуден қауіптенетін. Енді бұл мәселе шешілді — арнайы режим қатысушылары арасында өзара есеп айырысуға шектеу болмайды», — деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, салықтық әкімшілендіру де жеңілдетіледі: салық төлеушілерді тәуекел деңгейіне қарай бөлу алынып тасталып, мемлекеттік кірістер органдарының назары алдын алу шараларына бағытталады.

Есептілік формалары 30%-ға қысқарылады. Уақтылы тапсырылмаған декларация «нөлдік» көрсеткіштермен қабылданады, ал кәсіпкер кейін деректерді түзете алады.

«Салықтық әкімшілендіру мен берешекті мәжбүрлі өндіріп алу тәртібі қайта қаралды. Әлеуметтік төлемдер бойынша 6 АЕК-тен жоғары берешекке ғана шара қолданылады. Микро және шағын бизнес үшін қосымша жеңілдіктер қарастырылған — негізгі қарыз өтелсе, өсімпұл мен айыппұлдар есептен шығарылады, бизнесті жабу рәсімі жеңілдетіледі. Бұл бастамалар да бизнес-қоғамдастықпен бірлесе талқыланады», — деді Біржанов.

Еске салсақ, Үкімет басшысы мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында экономикалық реформаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кездесуде шағын және орта бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту мақсатында жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режиміне қатысты артық шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, 2025 жылдың 16 қазанынан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий енгізіледі, бұл шара инфляция тұрақтанғанға дейін жалғасады. Барлық тұтынушылар үшін коммуналдық тарифтерді көтеру де 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтатылады.

«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» ипотекалық бағдарламаларының бюджеті 500 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ жеке тұлғаларға арналған жеңіл автокөлік лизингі тетігі енгізіледі.

Related Articles

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

Back to top button